HomeTech & Electra -2025: Алматыда халықаралық көрмесі өтіп жатыр

Форумда бас қосқан отандық және шетелдік компания өкілдері өзара кездесу өткізді

Алматыда цифрлық серпіліске бастайтын стратегиялық алаң HomeTech & Electra 2025 халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Онда электроника және тұрмыстық техника саласындағы соңғы жаңашылдықтар көрсетілді. Робототехника, «ақылды» үй жүйелері, гаджеттер мен электромобильдерге дейінгі соңғы модельдер алғаш рет көпшілікке ұсынылды. Форум аясында Қытаймен цифрлық әріптестікке басымдық беріліп, трансшекаралық сауда мен өндірістік кооперация мәселелері күн тәртібіне шықты. Көрші мемлекеттен келген 300-ге жуық кәсіпорын мен зауыт иелерімен экспорттық әлеует, индустрияландыру мәселелері кеңінен талқыланды.

«Бүгінгі көрме қатты ұнады. Екі ел арасында осындай форумдардың өтуі IT технологиялар саласында тәжірибе алмасуға, байланысты нығайтуға жол ашады. Біздің компания IT саласындағы бірегей қауіпсіздік жүйесін ұсынады, – деді IT компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ли Джинс (Қытай)

Форумда бас қосқан отандық және шетелдік компания өкілдері өзара кездесу өткізіп, тиімді әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, іс-шара аясында дизайнерлер байқауы, стримерлер жәрмеңкесі және түрлі шеберлік сабақтар өтеді деп жоспарланған.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрландыру саласындағы ынтымақтастық қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Болашақтың технологиялары бізге жетті. Біз оларды қолданып келеміз. Енді оларды өндіруді үйреніп, жаңа дүние жасауға ұмтылуымыз қажет. Бүгін 3 компания біздің елге инвестиция жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл біздің нарық үшін маңызды қадам», – деді «Qazinnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Санат Жолдыхан.

Оқи отырыңыз: Жалған куәлік: Маңғыстау облысында автомектептер жұмысын тоқтатты